KIOGE 2026 — ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БЕЛ ОРТАСЫНДА 30 ЖЫЛ
30 ҚЫРКҮЙЕК ПЕН 2 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА 30-ШЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ «МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ» ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ МЕН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ — KIOGE 2026 ӨТЕДІ.
Отыз жыл бойы жоба мемлекеттік құрылымдар, ұлттық және халықаралық компаниялар, салалық бірлестіктер, сарапшылар қауымдастығы мен технологиялық шешімдерді жеткізушілер арасындағы өзара іс-қимылға арналған кәсіби алаң ретінде қызмет етіп келеді.
Мерейтойлық жылы көрме 22 елден 501 компанияны біріктірді. Қазақстан атынан 187 компания қатысса, тағы 314 қатысушы халықаралық нарықты таныстырады. Экспозиция географиясы Әзербайжан, Аустрия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Үндістан, Иран, Италия, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оман, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Таиланд, Түркия және Өзбекстанды қамтиды. Ұлттық топтарды Аустрия, Германия, Италия, Үндістан, Қытай және Ресей қалыптастырды. KIOGE экспоненттерінің 34%-ы көрмеге алғаш рет қатысып отырғаны ерекше назар аудартады. Бұл қатысушылар құрамының кеңейіп келе жатқанын және бизнестің Қазақстанның мұнай-газ нарығына деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді.
KIOGE 2026 экспозициясында мұнай-газ кешеніне арналған заманауи технологиялар, жабдықтар мен сервистік шешімдер ұсынылады. Саланың жетекші компанияларының қатысуы тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, ынтымақтастық перспективаларын талқылауға және ағымдағы әрі келешектегі жобаларды іске асыру үшін практикалық шешімдер іздестіруге мүмкіндік береді.
KIOGE жобасының маңызды құрамдас бөлігі дәстүрлі түрде халықаралық конференция болып есептеледі. Биыл конференция 22 елден 620 делегатты біріктіреді. Спикерлер құрамы 12 мемлекеттің — Әзербайжан, Ұлыбритания, Қазақстан, Катар, Қырғызстан, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Италия, Польша, АҚШ және Өзбекстанның өкілдерін қамтиды. Конференциялық бағдарламаның орталық іс-шарасы «Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» атты пленарлық отырыс болмақ. Екі күн бойы мемлекеттік құрылымдар, ұлттық және халықаралық компаниялар, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері мұнай-газ кешенін дамытудың өзекті мәселелерін, технологиялық жаңғыртуды және Қазақстанның халықаралық энергетикалық жүйедегі ұстанымын нығайту бағыттарын талқылайды.
30 қыркүйекте кәсіби күн тәртібі upstream бағытын дамытуға, сейсмикалық барлау мен бұрғылау кезеңдерінде интеллектуалды технологияларды енгізуге, төмен көміртекті дамуға, ESG қағидаттары мен климаттық реттеуге бағытталады. Мұнай-газ секторын цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдану және автоматтандыру, сондай-ақ мұнай-газ машина жасау мен мұнай-химия салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осы күні WPC Energy XXVI Конгресінің таныстырылымы және KAZENERGY Ұлттық энергетикалық баяндамасының таныстырылымы өтеді.
1 қазанда пікірталас күн тәртібі газ және газ-химия салаларын дамыту, экспорттық логистика мен бағыттар геосаясаты, энергетика секторының инвестициялық перспективалары және одан әрі энергетикалық ауысу мәселелерін қамтиды. Қатысушылар сондай-ақ мұнай-газ саласында жинақталған кәсіби тәжірибеге, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылына, сондай-ақ белгісіздік пен өзгермелі басымдықтар жағдайындағы басқарудың заманауи тәсілдеріне назар аударады.
Конференциямен қатар көрме алаңында мамандандырылған семинарлар сериясы өтеді. 30 қыркүйекте өз бағдарламаларын LMP Project Group CA, KSP STEEL және «QazaqGaz» ҰК» АҚ ұсынады. 1 қазанда «Топан», NCOC, KPO және «Теңізшевройл» компанияларының семинарлары, сондай-ақ мұнай-сервис компанияларына арналған, 2028 жылғы 11–15 маусым аралығында Астанада өтетін WPC Energy XXVI Конгресінің жеке таныстырылымы ұйымдастырылады.
KIOGE көрмесінің практикалық бағытын іскерлік келіссөздер бағдарламасы күшейте түседі. Көрме аясында бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен салалық тапсырыс берушілер арасындағы тікелей өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған 100-ден астам B2B және G2B кездесу өткізу жоспарланған. Мұндай формат қатысушыларға ынтымақтастық мүмкіндіктерін нақты талқылауға, өз құзыреттерін таныстыруға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Салалық өкілдіктің жоғары деңгейін KIOGE 2026 құрметті қонақтарының құрамы да айғақтайды. Көрме іс-шараларына Қазақстан мен шет мемлекеттердің энергетика саласының басшылары, ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде WPC Energy және Газ экспорттаушы елдер форумының басшылығы, сондай-ақ ірі мұнай-газ компанияларының топ-менеджменті қатысады.
Мерейтойлық KIOGE 2026 мұнай-газ саласын дамыту, технологиялық жаңғырту, халықаралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды нығайту мәселелері бойынша кәсіби диалог алаңын қалыптастыруды жалғастыруда. Ауқымды экспозицияның, мазмұнды конференциялық бағдарламаның және тікелей келіссөздердің үйлесімі энергетикалық нарықтың негізгі қатысушыларын бір алаңда біріктіріп, одан әрі өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Бас серіктестер — ҚазМұнайГаз, Теңізшевройл
Алтын серіктестер — QazaqGaz, NCOC, KPO
Күміс серіктестер — Каспий Құбыр Консорциумы, ENI, Solar Turbines, AB Tec, CNPC
Қола серіктестер — Shell, Honeywell, Eurasian Machinery, AVC Group, Mercedes, TAQA, ГМС, WoodKSS
Ұйымдастырушы — Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобы.



